Выбор редакции

Қайтыс болған жігіттің ішкі ағзасын рұқсатсыз кесіп алған дәрігерлер дауға қалды

Ақтөбелік дәрігерлер ауруханада қайтыс болған жігіттің ішкі ағзасын туыстарының рұқсатынсыз алған деп хабарлайды КТК арнасы.

Қайтыс болған жігіттің ішкі ағзасын рұқсатсыз кесіп алған дәрігерлер дауға қалды

Кадр КТК арнасынан алынды

Қос бүйрегін сол бойда екі науқасқа салып беріпті. Ал марқұмның жақындары мұны мәйітханадан сүйекті алар кезде бір-ақ білген. Енді олар сүйекті сұраусыз қорлады деп дәрігерлерді сотқа беріп жатыр. Облыстың Денсаулық сақтау басқармасының да өз уәждері бар.

Тағы оқыңыздар: Сегіз жастағы атыраулық қыздың өліміне күдікті ретінде көршісі ұсталды

Төбелестен басынан соққы алған 22 жастағы Серікболсын Көшербай осыдан екі апта бұрын есін жимастан ауруханада көз жұмған. Оны облыс орталығына Байғанин ауданынан жеткізген екен. Дегенмен, еш қайран болмапты. Кейін қыршынның қазасына қайғырған жақындарына мәйітхана қызметкерлері жеткізген хабар төбелерінен жай түсіргендей болды.

Өйткені, марқұмның туыстарының рұқсатынсыз дәрігерлер миы өліп, ессіз жатқан жігіттің ішкі ағзасын сойып алған. Мұны естіген Серікболсынның анасы қазір төсек тартып қалыпты. Ал туыстары оны сойып тастайындай сұрауы жоқ па еді деп дәрігерлерге ашынып отыр. Ақтөбелік ақ халаттылар болса, жігіттің қос бүйрегін басқа науқастарға салып үлгерген.

"Тумалары бар ғой қасында. Ең болмаса біреуіне айтып, сұрау керек еді. Ондай ештеңе айтпаған. Сырттан естіп отыр ғой бұлар", - дейді нағашы апасы Гүлайым Есенбаева.

Дәрігерлер Серікболсын ес-түссіз ауруханада жатқан кезінде миының өлгенін туыстарына айтқан екен. Бірақ оны апараттан ажыратарда ағзасын біреуге беретіндері туралы ауыздарын ашпапты. Сондықтан адвокаттар да мұны өрескел заң бұзушылық деп отыр.

""Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау туралы" заңның 169 бабында көрсетілген: "Мәйіттің ішкі органдарын алу үшін оның жақындарының, заңды өкілдерінің рұқсаты қажет". Бұл жерде енді денсаулық сақтау мамандары меніңше дұрыс жасамаған деп ойлаймын", - дейді адвокат Қатарбай Раисов.

Ал денсаулық сақтау басқармасындағылар басқа дәйек келтірді. Айтуларынша, мәйіттен ағзаны алуға ешкімнің рұқсаты қажет емес. Өйткені, биылдан бастап күшіне енген жаңа заңда солай жазылыпты.

"Көз жұмған марқұм  тірі кезінде мен донор болмаймын деп қағаз қалдырмаса  да, біз заңды түрде кез келген адамнан кесіп аламыз.  Егер мүшесі сау болса әрине.  Сұраусыз алып мұқтаж адамдарға беріп  операция жасаймыз", -  дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Тағы оқыңыздар: Жұртты шулатқан АҚШ азаматы қазақстандық билікке сәлемдеме жолдады

Қазір осы оқиғаға байланысты қаралы отбасы прокуратура мен ішкі істер департаментіне арыз жазған. Сондай-ақ туыстарынан рұқсат алғаны туралы хабар таратқан жергілікті газетті де сотқа беріпті.

Ал, мәйіттік трансплантологияны дамытуға қатысты заң жобасын әзірлеуге белгілі дәрігер, бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев жетекшілік еткен болатын. Енді осы даудан соң оның өзі Ақтөбеге арнайы келіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізбекші.

НОВОСТИ ПО ТЕМЕ
ВЫБОР РЕДАКЦИИ